Қостанай облысында жасыл технологиялар зертханасы ашылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық оқушылар өсімдіктерді топырақсыз өсіру әдісін меңгермек. Себебі, облыс орталығында жасыл технологиялар зертханасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған зертхана Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының базасында ашылды. Зертхананың басты жаңалығы - онда өсімдіктерді топырақсыз өсіру әдісі қолға алынады. Нәтижесінде, оқушылардың ғылыми-зерттеу жобаларымен айналысуға толықтай мүмкіндіктері бар.

«Бұл зертхана өсімдіктерді гидропоника әдісімен өсіруге және олардың өсуін бақылауға арналған. Гидропоника - өсімдікті топырақсыз өсіру әдісі. Бұл дегеніңіз, өсімдіктің қоректенуге қажетті барлық заттар судан немесе арнайы ертіндіден алынады. Оның нақты мөлшері болады. Сол себепті, топырақтың қажеті жоқ. Есесіне компрессорлардың көмегімен су оттегімен байытылады. Бұл әдіс өсімдіктердің барлық түрлері мен сұрыптарын, ауыл шаруашылығы дақылдарын, тіпті цитрус және тропикалық өсімдіктерді өсіруге мүмкіндік береді. Әдістің тиімділігі - өсімдік барлық қажетті қоректік заттарын судан және оның құрамындағы оттегіден алып, жемісті дақылдардың өнімділігін арттырады, декоративті өсімдіктердің гүлденуін ұзартады, өсімдіктер топырақта болатын адам ағзасына зиянды элементтерді жинамайды, үнемі суаруды қажет етпейді», - деп түсіндірді мектептің химия және биология пәнінің мұғалімі Алмагүл Иманқұлова.

Гидропоника әдісі экзотикалық-тропикалық жемістерді өсіруге мүмкіндік береді. Бұл әдісті қолдану топырақта өсетін өсімдіктерде кездесетін зиянкестер мен түрлі аурулардан сақтайды.

Жалпы, жасыл технологиялар зертханасын ашуға 5 млн теңге жұмсалған.

Соңғы жаңалықтар
telegram