Қостанай облысының әкімі жарнама компанияларының жұмысын сынға алды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласының дамуына арналған кеңесте Архимед Мұхамбетов қала көшелеріне ілінген жарнамалардың талапқа сай еместігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысының әкімі жарнама компанияларының жұмысын сынға алды

Бүгінде Қостанай қаласын көріктендіру, көгалдандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, оның сапасы сын көтермейді. Жарнама жасаумен айналысатын агенттіктер тиісті  мемлекеттік орындардың келісімінсіз жұмыс істеп жатса, жөнсіз ілінген жарнамалар көше көркін бұзып тұр. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов сыртқы жарнама нысандары қаланың келбетіне кері әсерін тигізбеуі қажет екенін атап өтті.

«Жарнамаға байланысты мәселе әлі де бір ізге қойылған жоқ. Қарапайым мысал, көшедегі билбордтар мен дүкен маңдайшаларын алып қараңыздар. Қалаға келген қонақтардан ұят. Кейбір, брандмауэрлерде ілінген сымдар үзіліп, түсейін деп тұр. Бұған кім жауап береді? Кірістер департаменті қайда қарап отыр? Көріксіз жарнамалық құрылғыларды, ақпараттық өзектілігін жоғалтқан билбордтарды алып тастаңыздар. Бұған жауапты жарнама агенттіктерінің басшыларына айыппұл салу керек», - деді Архимед Мұхамбетов.

Жиын соңында қала әкімі тиісті мекемелерге тапсырмалар берді. Қала әкімі Базыл Жақыповқа Қостанайды көріктендіру және көгалдандыру бойынша жұмыстарды қолға алу керектігін айтты.  Сондай-ақ, бұл жұмыстар облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының қадағалауында болады.