Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық саладағы көрсеткіштері қандай
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы әлеуметтік-экономикалық салада озық көрсеткіштерге қол жеткізген. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді,деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Үкімет басшысына Қостанай облысының 2020 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы мәлімдеді.
Аймақ әкімінің сөзінше, жыл басынан бері бюджет тиімді игеріліп келеді. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша ілгерілеу байқалады. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 19,8%-ға, оның ішінде өңдеу саласы – 26,4%, металлургия – 29%, азық-түлік 14%-ға өскен. Мұндай елеулі өсім нәтижесіне машина құрастыру ісі айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл салада өндіріс 2,5 есе артты.
«Жоспарда – автомобиль өндірісін 50 мың бірлікке дейін қамтамасыз ету, бұл 2019 жылғыдан шамамен екі есе жоғары. Сонымен қатар, сүт өнімдерін өндіру көлемі 6%-ға және өсімдік майы өндірісі 2%-ға ұлғаюын күтудеміз. Тау-кен саласында темір-кен шикізаты көлемін өндіруді 11%-ға өсіруді жоспарға қойдық. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында жалпы өнімнің нақты көлем индексі 102% деңгейінде қалыптасты», – деді Архимед Мұхамбетов.
Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстарына дайындық аяқталып келеді. Облыс тұқым және жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген.
Қостанай облысының экономикасына өткен жылмен салыстырғанда 8,7%-ке артық инвестиция тартылды. Өңірдің тағы бір жетістігі – құрылыс жұмыстарының өсу қарқыны.
«Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,4%-ға өсті, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 5,4%-ға ұлғайды. Барлық негізгі көрсеткіштер бақылауда тұр», – деді Архимед Мұхамбетов.