Қостанай облысының әлеуметтік жобаларына 3,7 млрд теңге бөлінді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Eurasian Resources Group (ERG) пен Қостанай облысының әкімдігі 2019 жылы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы әріптестік туралы меморандум жасасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, меморандум аясында ERG тарапынан қаржыландырылатын әлеуметтік маңызды жобалар саны артады. Нәтижесінде, өңірдің дамуына жалпы сомасы 3,7 млрд теңге қосымша қаражат жұмсалады. 2018 жылы әлеуметтік жобаларға 2,9 млрд теңге инвестиция құйылған болатын.
Бүгінгі құжатқа ERG бас атқарушы директорының бірінші орынбасары Алдияр Қазтаев пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды.
Облыс әкімінің сөзінше, Еуразиялық топ өзінің кәсіпорындары орналасқан моноқалаларда кешенді әлеуметтік зерттеулер жүргізген. Компания қызметкерлері мен осы елді мекен тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі ерекше назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелерді айқындап берді. Осы әлеуметтік зерттеу негізінде ҚР Үкіметі бекіткен аймақтарды дамытудың үшжылдық бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын маңызды әлеуметтік жобалар әзірленіп, оларды жүзеге асыру жолдары ұсынылған. Олар республикалық және жергілікті бюджетпен қатар Eurasian Resources Group тарапынан да қаржыландырылмақ.
Бүгін қол қойылған меморандум да осы әлеуметтік зерттеулер нәтижесі мен үшжылдық бағдарлама негізінде әзірленген. Қаражат Қостанай облысындағы әлеуметтік маңызды жобаларға, аймақты әлеуметтік-экономикалық дамытуға, оның инфрақұрылымын, соның ішінде Eurasian Resources Group-тың «Туған жер - Родные города» бағдарламасы аясында дамытуды көздейді. Былтырғыдай меморандумға ERG кәсіпорындарының қызметкерлері ұсынған нысандар да енгізілген. Олардың қатарында Арқалық қаласында балалар ойын алаңдарын орнату, Лисаковск қалалық жағажайын абаттандыру сынды ERG Инноваторларының ІІІ форумында жеңіске жеткен жобалар бар.
«2019 жылы Топ кәсіпорындары орналасқан Қашар мен Октябрь сынды шағын елді мекендерге ерекше көңіл бөлінбек. Ауылішілік жолдар мен мәдениет үйлері жөнделіп, спорт алаңдары орнатылады. Қазан айындағы жолдауы мен «NUR OTAN» партиясының съезіндеМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел тұрғындарының өмір сапасын арттыру керектігін баса айтты. Президент елдің тұруға жайлылығы - қолжетімді баспана, қауіпсіз аула, тұруға қолайлы әрі жайлы инфрақұрылым екенін ұдайы айтып келеді. ERG Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан 25 жыл ішінде өз миссиясын бұлжытпай сақтап, тек компания қызметкерлері ғана емес, кәсіпорын орналасқан өңірлердің тұрғындарына да қамқорлық жасап келеді. Топ қаржыландырған әрбір жоба қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған, - деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Қаражат Рудный қаласының жылу желілерін күрделі жөндеуге, сондай-ақ қаладағы жолаушылар тасымалын жақсарту үшін 7 автобус сатып алуға жұмсалмақ. Лисаковск қалалық стадионы қайта қалпына келтіріліп, Қашар кентінің ауруханасына 2 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Рудныйдың қалалық ауруханасын толығымен жабдықтау көзделген. Осы қаладағы балабақшалар мен мектептердің шатырын жөндеу жоспарда бар. ERG балаларға сапалы білім беру - инвестицияның ең озық тәсілі екенін ескере отырып, Рудный индустриалды институты мен Рудныйдағы тау-кен технология колледжі, құрылыс және көлік колледждерін, Лисаковск қаласындағы техникалық колледждің материалды-техникалық базасын нығайту жобаларын да қаржыландырмақ.