Қостанай облысының астықты ауданына 90 жыл толды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Қостанай облысының Әулиекөл ауданында өңірдің 90 жылдығына арналған іс-шаралар басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған мереке қатысушылары алдымен аудан орталығындағы Батырлар галереясына гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң «Туған жерім - алтын бесігім» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға белгілі академик Кенжеғали Сағадиев, халық ақыны Әсия Беркенова және басқа да елге танымал тұлғалар келді. Конференцияны Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов жүргізіп отырды.

«Біз бүгін облыстың іргелі өңірлерінің бірі - Әулиекөл ауданының 90 жылдық мерейтойында жүздесіп отырмыз. Осы айтулы мерекеге еліміздің әр түкпірінен зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, әр жылдары ауданда басшылық жасаған қайраткерлер келді. Тарихы бай Әулиекөлдің өткені керемет шежіре десе де болады. «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді. Туған ауылының атағын шығарып, бүкіл қазақ даласына, шетелдерге паш еткізген жайсаң жандар қаншама. Әулиекөл жері - осы өңірде дүниеге келген адамдардың қанатын қатайтып, армандарын орындауда күш пен жігер бере алған мекен», - деді Архимед Бегежанұлы.
null 

Академик Кенжеғали Сағадиев те өзінің жастық шағы өткен Әулиекөл ауданы туралы лебізін білдірді.

«Мен Әулиекөлде оқыдым. Осында жалаң аяқ су кешіп, асыр салып ойнаған кездерім әлі есімде. Сол замандастарым, туған жеріміздің түлектері қазір түрлі  қызметтерді атқарып жүр. Мен Әулиекөлдің байсалды,тұрақты дамып келе жатқанына қуанамын. Жерлестерімді әрқашан қолдап отырамын», - деді Кенжеғали Сағадиев.
null 

Конференция барысында алыс-жақыннан келген қонақтарға ауданның тарихы туралы фильм көрсетілді. Өңір басшысы облыс экономикасы мен қоғамдық өміріне айтарлықтай үлес қосып жүрген Карл Отыншин, Олег Даниленколарға «Әулиекөл ауданының құрметті азаматы» атағын тапсырды. Сондай-ақ, ауданның бірнеше түлегі мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Күннің екінші жартысында орталық алаңда спорт жарысы ұйымдастырылды. Футболдан Әулиекөл және Құсмұрын ауылдары финалға шықты. Әнші Арыстан Құрманов жерлестеріне арнап шығармашылық кешін өткізді. Ауданның мерекелік тойы концерттік бағдарламамен аяқталады.

 null 

Соңғы жаңалықтар