Қостанай облысының бас полицейі жастарды жұмысқа шақырды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының аудандарында полиция кадрларының тапшылығы байқалады. Бұл туралы агенттік тілшісіне облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысының бас полицейі жастарды жұмысқа шақырды

Ардақ Ынтықбаевтың сөзінше, бұған дейін өңірге қарасты полиция басқармалары мен бөлімшелерінде кадр жасақтау мәселесі көтерілді. Енді тәртіп сақшылары қатарын толықтыру үшін бірқатар жұмыс атқарылмақ. Жергілікті жерде жастармен кездесулер ұйымдастырылып, ішкі істер органына қызметке орналасу жеңілдіктері (баспанамен қамту, қаржылай көмек көрсету) қарастырылады. Қазіргі уақытта кадр тапшылығы Қостанай және Рудный қаласы мен Жітіқара, Сарыкөл аудандарында айқын байқалады.

«Ішкі істер органдарында тек білімді әрі физикалық дайындығы мықты азаматтар ғана жұмыс істей алады. Талап тым жоғары. Соған қарамастан ынталылар да көп, тек түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүрмей жатыр. Әсіресе, ауылдық жерлерде кемшін тұстар бар. Бүгінде полиция қызметінің жауапкершілігімен қатар, әлеуметтік мәртебесі және қаржылық жағдайы да көтеріліп келеді. Сондай-ақ, органда жұмыс істейтін азаматтарға басқа да жеңілдіктер қарастырылған», - дейді полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев.

Расымен де, қазір жастардың шалғай ауылдарға барғысы жоқ. Дегенмен, аудандық полиция бөлімшелері жоғары оқу орындарындағы, әскери борышын өтеп жүрген жастармен жұмыс істеуге көшті. Тіпті, өзге облыстағы жастарға да ұсыныс айтуда. Мәселен, Рудный қалалық полиция басқармасына жуырда Түркістан облысынан жас мамандар келмек.


«Полиция мамандығын көбі қауіпті санайды. Бірақ отанды қорғайтын, ішкі тәртіпті сақтайтын адамның болуы бәрінен маңызды. Мінсіз жұмыс істесең, елдің игілігіне бөленесің. Сондықтан, еліміздегі жастарды полиция қатарында қызмет етуге шақырамыз. Біз өзіміз бастап лайықты азаматтарды қызметке қабылдауға әзірміз», - деп сөзін түйді Ардақ Ынтықбаев.