Қостанай облысының делегациясы Татарстан Республикасына барды

Қостанайлықтар бірнеше министрлік, ведомстволар мен ұйымдар басшыларымен кездесулер өткізді.
Татарстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Нигматуллин өз сөзінде елдің Қостанай облысымен әріптестік байланысына тоқталды. Өз кезегінде Қостанай облысы әкімінің орынбасары М.Мырзалиев өңірдің экономикалық көрсеткіштерінің өсімі, инвестициялық әлеуеті туралы айтты.
Сонымен қатар Татарстан Республикасы инвестициялық даму агенттігінің басшысы Талия Минуллина өз елінде жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың біразымен таныстырды. Айта кету керек, Татарстан -инвестициялық тартымдылық бойынша едәуір тәжірибе жинаған мемлекет. Мұны сәулет, құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы салаларындағы бірқатар ауқымды жобалар дәлелдейді. Соның бірі - лифт шығару зауыты. Еске салсақ, 2018 жылдан бастап Қостанайда жылына 500-ден астам лифт шығарылады .
Облыс әкімі орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің айтуынша, алдағы уақытта екіжақты әріптестік аясында Татарстан Республикасы лифттерге тапсырыс бере алады.
Делегация бірнеше индустриялық парктерді, атап айтқанда, «Алабуга» айрықша өнеркәсіп-өндірістік түріндегі экономикалық аймағы, «Химград» технополисі мен «Синергия» паркін аралады. Татарстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Нигматуллиннің айтуынша, «Алабуга» өндірістік аймағы жекелей салаларда жақсы көрсеткіштерге ие. Мәселен, соңғы 11 жыл ішінде 27 млрд рубль пайда тапқан. Бүгінде өндірістік аймақтың 56 резиденті жұмыс істейді. Негізінен машина жасау, химия, құрылыс материалдары, металл өңдеу салалары бойынша өнім шығарады. Инвестициялық жобалар аумағы 3,5-50 гектар аралығында. Компанияның кадрлық жағдайы да жаман емес. Мұнда 700 адам штатта болса, оның 600 қызметкері қызмет көрсету саласында еңбек етеді.