Қостанай облысының полицейлері 58 келіден астам марихуананы тәркіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қарасора 2023» жедел алдын-алу шарасы шеңберінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қостанай облысы аумағында есірткі таратумен айналысқан 11 адамды ұстау бойынша операция жүргізді, деп жазады polisia.kz сайты.
Полиция 58 келіден астам марихуананы тәркіледі. Мұндай ірі партияның қара нарықтағы құны 9 млн теңгеден асады.
Есірткі жалға алынған гаражда сақталған. Сонымен қатар өзгелерге тарату үшін шағын көлемде орама жасап отырған.- Қылмыстық топ қатысушылары 22 жастан 54 жасқа дейін. Қазіргі уақытта ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібінде 5 күдікті уақытша ұстау изольяторына қамауға алынды. Қалғандарына қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат беру түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша басталған сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов.