Қостанай облысының үздік спортшылары анықталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысының үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жыл үздіктерін марапаттау шарасына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Оның сөзінше, 2,5 мыңға жуық спорт нысанының арқасында жаппай спортпен айналысатын халықтың үлесі 31,6%-ға жетті. Биыл 30, оның ішінде ауылдық жерлерде 12 жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді.
«Тәуелсіздіктің 28 жылы ішінде қаншама дарынды спортшылар тәрбиеленді. Олардың арасында біздің жерлестеріміз, мақтан тұтар аяулы азаматтарымыз бар. Бүгін залда Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері, универсиада, азиада, ұлттық біріншіліктердің жеңімпаздары отыр. Биыл облыс спорты айтулы жаңалықтарға толы болды. Рудный қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде инвесторлардың бастамасы бойынша «Футзал Арена» фитнес орталығының құрылысы басталды. Облыс орталығында 1 000 көрермен орнына арналған «Қостанай» спорт кешені және 3 000 көрермен орнына арналған «Тобыл Арена» футбол манежі салынды. 2 500 көрерменге арналған Мұз спорт сарайы және 50 метрлік бассейн ашылады. Бокс мектебі ғимаратының құрылысы басталды. Сонымен қатар шаңғы базасы пайдалануға беріледі», - деп атап өтті облыс басшысы.
Архимед Мұхамбетов жылдың үздік спортшылары мен бапкерлеріне сертификаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды. Үздіктер қатарында грек-рим күресінен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тамерлан Шадукаев, 2017-2019 жылдардағы Әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дидар Төлебаев, Азия рекордшысы, 2019 жылғы Әлем чемпионы Қабыл Тұрсынай, үстел теннисінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дүйсенғали Оспанов, каратэ шинкиокушинкай бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Азия Чемпионы Владимир Артюшиндер бар.


