Қостанай облысының үздік волонтерлері марапатталды

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанайда волонтерлер арасында өткен «Жыл еріктісі» және «Жомарт жүрек» байқауының марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысының үздік волонтерлері марапатталды

Жыл бойы жемісті жұмыс істеген волонтер жастарды Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов марапаттады. Аймақ басшысы жыл басынан бері іс-шараларға 6000 волонтер қатысқанын, олардың қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектескенін атап өтті.

«Волонтер жастарымыз әлеуметтік түрлі жобаларға қатысып, өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Сол үшін волонтерлік қозғалыстың барлық өкілдеріне бірлескен жұмыс үшін алғыс айтамын. Еріктілер төтенше жағдай кезінде дәрі-дәрмектен басқа, мұқтаж адамдарға қажетті азық-түлікті түсіруден бастап, тасымалдауға дейін көмектесті. Қауіпсіздік мақсатында тасымалдау кезінде барлық еріктілер бетперде, қолғап және қорғаныс костюмдерімен қамтамасыз етілді», -деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.

Сонымен «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығын Жангелдин ауданының «Жалын» жастар ұйымы, «Жомарт жүрек» сыйлығын кәсіпкер Борис Князев иеленді. «Жылдың үздік ұйымы» аталымында «Олжа-Агро» ЖШС жеңіске жетсе, «Ерен ерлік» сыйлығы 17 жасар Жансейіт Құрманғалиевке берілді.

«Мен волонтерлермен бірге дәрі-дәрмектерді тасымалдауға және жеке қорғаныс құралдарын түсіруге белсенді көмек көрсеттім. Арнайы отрядтар құрамында жоғалған адамдарды іздеуге, экологиялық акцияларға қатыстым. Осы еңбегімді бағалаған кісілерге алғысым зор», - дейді волонтер.