Қостанай стансысы ЖІІБ бастығының ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы белгіленді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 3 наурызда Қостанай стансысы Желілік ішкі істер бөлімінің бастығы Ержан Сапаровқа қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» агенттігі Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
36 жастағы сотталушы 1 млн теңге пара алғаны үшін айыпталуда. «Айыптау актісіне сәйкес, ЖІІБ бастығы, полиция подполковнигі билік өкілі бола тұра, қызмет бабын пайдакүнемдік мақсатта құқыққа қайшы пайдаланып, мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару мүдделеріне қайшы ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады», - делінген хабарламада.
Сапаров ҚР ІІМ Көліктегі ІІД Желілік ішкі істер бөлімінің бастығы бола тұра, өндірісте ЖІІБ тергеушісінің қылмыстық ісі бар екенін және оған «ҚТЖ» ҰК» филиалы магистралдық желілері бөлімшесі бас инженерінің қатысты болуы мүмкіндігін біліп, қылмыстық істі тоқтату үшін делдал арқылы 1 млн теңге сомасында пара талап еткен.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ЖІІБ бастығы Сапаров 17 ақпанда түнгі бірде делдалдан ақша алып жатқан жерінде ұсталды. Ол ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлімі бойынша айыпталуда.