Қостанай тұрғыны 30 млн теңгеге алаяқтық жасағаны үшін сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай қаласының №2 сотында бірнеше рет ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды. Келтірілген шығын көлемі 30 млн теңгеден асты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Сот мәліметінше, 2022 жылғы сәуір мен 2024 жылғы қыркүйек аралығында әйел адам жылжымайтын мүлікті төмен бағамен сатып алуға жәрдемдесу қызметін көрсетемін деген желеумен қала тұрғындарын алдап келген.
Жәбірленушілердің сеніміне кіру үшін ол жылжымайтын мүлікті сатып алу бойынша заңды мәмілелер жасалып жатқандай көрініс қалыптастырған.
Оның әрекетінен сегіз адам зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 30 млн теңгеден асты.
Сот талқылауы барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Жәбірленушілер оған қатаң жаза тағайындауды және келтірілген шығынды өндіріп беруді сұрады.
Жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындауын, өкінуін, кәмелетке толмаған балаларының болуын, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді. Бұған дейін әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Сот оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі үштен біріне қысқартылып, 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру болып белгіленді.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларының болуын ескере отырып, сот жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды.
Жәбірленушілердің келтірілген шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары толық көлемде қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында «дроперлер» желісін ұйымдастырған бес тұрғынның сотталғаны хабарланған еді.