Қостанай тұрғыны өз үйінде өлтірілген адамның мәйітін үш ай сақтаған
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында мүгедек зейнеткер 3 ай бойы өлген адамның денесін сақтап келген. Бұл іске қатысты Қарабалық аудандық соты осы аптада үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ainanews.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сүйенсек, үстіміздегі жылдың наурыз айында Қарабалық ауданының 54 жастағы тұрғыны үйінде екі қонағымен ішімдік ішіп, сауық құрған. Сәлден соң арада жанжал туындап, бір мейман үй иесін балағаттайды. Мұнымен қоса оған қол жұмсауға дейін барады. Араша түспек болған екінші қонақ өзімен еріп келген бөтелкелесінің мойнына пышақ сұққан. Алған жарақаты салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Зейнеткер жедел-жәрдем қызметін шақырмай, мәйітті ауласындағы жертөлеге тастайды. Қан іздерін кетіру үшін еденді жуып, тып-типыл еткен. Тек 3 ай өткен соң тәртіп сақшылары мүрдені тапты.
Қарабалық аудандық сотында жауап берген зейнеткер бар кінәсін мойындап, бұл ісіне өкінетінін айтты. Сот іс материалдарын зерттеп, оның бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырғанын ескерді. Сот екінші топтағы мүгедекке пробациялық бақылау белгілеп, 4 жылға бас бостандығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.