Қостанай тұрғыны танысын тірідей көміп тастаған
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында танысын тірідей көмген 28 жастағы облыс тұрғынына қатысты іс қаралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс материалдарында көрсетілгендей, Рудный қаласының екі тұрғыны өндіріс орнында ішімдік ішіп, өзара келіспей қалған. Сәлден соң бірі екіншісін ұрып-соққан. Күдікті қолына темір алып, жерде жатқан досының кеудесіне 4 соққы жасаған.
«Күдікті еденде қансырап жатқан танысын көріп, оны өлтірдім деп ойлайды. Қылмысын жасыру үшін жәбірленушіні жүк көлігінің шөмішіне салып, Горняцкий ауылының шетіне апарып, көміп тастаған. Сараптама қорытындысы бойынша, жәбірленуші соққыдан емес, үсіктен көз жұмған», - делінген облыстық соттың хабарламасында.
Күдіктіге ҚР ҚК 99-бабы («Кісі өлтіру») бойынша айып тағылды.
Фото: svoyakolokolnya.ru