Қостанай тұрғыны тергеу изоляторына тапанша оқтарын кіргізбек болған

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында тергеу изоляторларының біріне тапанша оқтарын жасырып кіргізбек болған адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай тұрғыны тергеу изоляторына тапанша оқтарын кіргізбек болған

«УК-161/1 мекемесінің бақылау-өткізу пунктінде рентген-теледидар қондырғысынан тексеруден өткен кезде азамат Б.-ның бас киімінен күдікті зат табылды. Қызметкерлер оған бас киімін шешіп, тексеруден өтуін ұсынды. Тергеу изоляторларының тексеру тобы бас киімнің күнқағарынан жасырын қалта тапты. Қалта ішінен Макаров тапаншасының 4 жауынгерлік патроны алынды», - делінген ведомствоның ақпаратында.

Тергеу изоляторына оқ алып өтпек болған тұрғынның айтуынша, бас киімді «қолдан» сатып алған. Оның ішіндегі тапанша оғының бары туралы білмеген.

Қазіргі уақытта құқық бұзушы процессуалдық шешімді күтуде. Оның кінәсі дәлелденсе, 10 АЕК көлемінде айыппұл немесе ескерту жазасын алады.

УК-161/1 мекемесінің бақылау-өткізу пункті арқылы өтетін барлық азаматтарға сақтауға және пайдалануға рұқсат етілмеген заттарды кіргізгені үшін жауапқа тартылатыны ескертіледі.