Қостанай тұрғыны туысының малын ұрлаған
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкерлері «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық шарасы барысында бірнеше қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен бір аптада «Мал ұрлығы» операциясы барысында тәртіп сақшылары 5 қылмыстық істі тіркеді. ПД криминалды полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ербол Тайбековтың сөзінше, көп жағдайда жайылымда жүрген түліктер қолды болады. Иелері малдарына ен салып, сырға тақпайды. Соның кесірінен мал ұрлығы жиілеп кеткен.
«Мал ұрлығына қатысты 33 жедел топ құрылды. Полицейлер ет тасымалдайтын жүк көліктерді күн сайын тексереді. Сондай тексеру шаралары кезінде еш құжатсыз ет тасыған екі тұрғын ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылды. Соның бірі Денисов ауданында болған. Күдікті қорада тұрған туысының 10 қойын айдап алып кеткен. Полицейлер қылмыскерді «ізін суытпай» тауып алды. 1 қараша күні Қарасу ауданынан симментал сиыр тұқымының бұзауы ұрланғаны белгілі болды. Күдікті Железнодорожное ауылында ұсталды», - дейді Ербол Тайбеков.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сот алды тергеп-тексеру шаралары жүріп жатыр.
Полицейлер тұрғындарды үй жануарларын қорғауда барынша сақ болуға шақырады. Соны бір жолы - сырға тағу. Бұл малшының шығынын азайтады.