Қостанай тұрғыны жедел жәрдем қызметкерлерін қағып, мерт қылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Жітіқара аудандық сотында жаяу жүргіншілерді қағып, мерт қылған 23 жастағы тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс материалдарына сүйенсек, 2017 жылғы 14 қазанда сағат 01.30 шамасында мас күйде болған С. «Лада 21723» маркалы автокөлігін басқарған.
«Азамат С. сол уақытта Ш.Уәлиханов көшесі бойында «Мұнай» жанар-жағармай стансасына бағыт алып, көлік жылдамдығын шамадан твс арттырады. Салдарынан жолдан өтпек болған жергілікті жедел жәрдем қызметкерлері 37 жастағы Б., 56 жастағы Ш. және 52 жастағы М-ны қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін оны полицейлер қолға түсірді», -делінген облыстық соттың хабарламасында.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан алған жарақаттан үш адам Жітіқара аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Сот шешімімен күдікті С. ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі, 347-бабы бойынша айыпты деп танылды. Сот үкімімен оған 7 жыл 10 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұған қоса ол 7 жыл бойы көлік басқару құқығынан шеттетілді.