Қостанай және Қарағанды облыстарында 250-ден астам адам қар құрсауында қалып қойды - ТЖМ
АСТАНА. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат - Қостанай және Қарағанды облыстарында 250-ден астам адам қар құрсауында қалып қойды,
деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінен.
Атап айтқанда, Қостанай облысындағы «Қарабалық-Славека» тас жолының 41-ші шақырымында 40-қа жуық адам мінген рейстік автобус пен 8 автомашина жолда қалып қойған. Олардың барлығы Бөрілі ауылына жеткізіліп, селолық әкімдік ғимаратына жайғастырылды. Жол тазаланғаннан кейін, автобус пен автомашиналар баратын жерлеріне аттанды. Адамдарды қауіпсіз жерге көшіру шараларына «Михайлов орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің 8 адамы мен 3 техникасы жұмылдырылды. «Қар құрсауынан құтқарылғандардың арасында үсік шалғандар және зардап шеккендер жоқ», деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінен.
Қарағанды облысының Абай ауданындағы «Абай-Қарақоға» тас жолында да 23 автокөлік пен 80 адам қар құрсауында қалып қойған. Колонна Шахтинк қаласына жөнелтілді. «Абай-Агроқалашық» тас жолында да 6 адам құтқарылды, тағы 8 адам көліктерін тастап кетуден бас тартты.
Осакаров ауданында, «Осакаровка-Киевка» тас жолының 16-шы шақырымында қар құрсауынан 9 машина мен 36 адам шығарылды. Ал Шет ауданында «Ақсу-Аюлы- Ағадыр» жолында 2 автобус пен 65 адам қар құрсауынан құтқарылды. «Шахан-Молодецкое» тас жолындағы қар құрсауынан бір автобус, бір машина және 32 адам құтқарылды. Құтқару шараларына Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен 8 техникасы тартылды.