«Қостанай жастары» бағдарламасын қаржыландыру үш есеге ұлғайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай облысында биылғы 5 айда 175 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай жастары» бағдарламасын қаржыландыру үш есеге ұлғайды

«Тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді, жыл басынан бері 175 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 1500-ден астам отбасы баспаналы болды. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсім 3,5%-ті құрады. Биылғы жыл соңына дейін барлығы 500 мың м² дейін тұрғын үй (4 мыңнан астам пәтер) салынады, бұл өткен жылдан 11,4%-ке артық», - деді Қ. Ақсақалов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, құрылыс тек облыс орталығы мен қалаларда ғана емес, аудандарда да жүргізіліп жатыр. Бұл мақсаттарға 27 млрд теңге бөлінді.

«Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын баспанамен қамту үшін биыл 200 пәтерді сатып алуға 2,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, өңірімізде «Қостанай жастары» («Жас шаңырақ») бағдарламасы іске асып жатқанын атап өткім келеді. Биыл қаржыландыру сомасын 3 есеге арттырдық. Онда максималды 15 млн теңгеге 5 пайызбен баспана алуға болады. Қазіргі таңда 2,1 млрд теңге бөлінді. Кем дегенде 140 жасты қамту жоспарланып отыр», - деді Құмар Ақсақалов.