Қостанайда 1,5 мың шөлмек ішімдікті заңсыз сатпақ болған ауыл тұрғыны сотталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы Меңдіқара ауданының тұрғыны «Элитная» маркалы ішімдіктің бір жарым мыңға жуық бөтелкесін заңсыз сатпақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қаржы мониторингі комитетінің Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті жалған есеп-бақылау маркалары бар алкоголь өнімін заңсыз сату әрекетінің жолын кесті.
«Департамент қызметкерлері Қостанай облысы Меңдіқара ауданының жеке кәсіпкеріне тиесілі көтерме сауда дүкенінде «Элитная» маркалы ішімдіктің 12 бөтелкесін заңсыз сату фактісін анықтады. Тергеу барысында «кәсіпкердің» заңсыз пайда табу мақсатымен белгісіз біреуден жалған маркасы бар көлемі 0,5 литр 1 444 бөтелке алкоголь өнімін заңсыз сатып алып, әрі қарай сату үшін сақтағаны анықталды» делінген хабарламада.
Меңдіқара ауданының соты оны ҚР ҚК 233-бабы 2-бөлімі бойынша айыпты деп таныды.
Аудан тұрғыны бір жылға алкоголь өнімін сақтау және өткізу қызметімен айналысу құқығынан айырылып, 500 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.