Қостанайда 100-ден астам көші-қон заңнамасын бұзу фактісі анықталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Нелегал - 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі күнінде полицейлер 18 шетелдікті елден шығарып, көші-қон заңнамасын бұзудың 100-ден астам фактісін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көші-қон қызметкерлері елде Өзбекстан Республикасының 32 азаматы заңсыз еңбек етіп жүргенін анықтады.
«Қостанай облысына қарасты Денисов ауданында рұқсат құжаттарынсыз жол жөндеу жұмыстарын жүргізген Өзбекстанның 13 азаматы анықталды. Рудный қаласының су құбырын жөндеумен айналысып жүрген 10, Лисаков қаласындағы құрылыс алаңында заңсыз еңбек етіп жүрген 9 өзбекстандық анықталды. Барлық жағдайда заң бұзушыларға қатысты материалдар шешім шығару үшін сотқа жолданды. Шетелдік азаматтарды жұмысқа алған жұмыс берушілер де жазаланды», - дейді полицейлер.
Тәртіп сақшылары заңсыз иммигранттарды анықтау жұмысын 4 шілдеге дейін жалғастырады.