Қостанайда 11 адам ыстан уланды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында жыл басынан бері 11 адам газға уланып қалған. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде өткен жиында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ТЖД мамандары жыл басынан бері газға уланудың салдарынан 11 адам зардап шегіп, 3-еуі көз жұмғанын айтады. Оның біреуі - бала. Былтырғы жылы осыған ұқсас 10 оқиға тіркелді. 22 адам зардап шегіп, 15 адам ажал құшқан.
Мәселен, Жітіқара ауданы Айнабұлақ ауылындағы тұрғын үйде 8 адам табиғи газға уланып, ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ, Таран ауданы, Тобыл ауылында 1 бала газға тұншығып, қайтыс болды.
Департамент бастығының орынбасары, подполковник Азамат Орынбаевтың сөзінше, алдын алу іс-шараларының жүргізілуіне қарамастан, тұрғын үй секторындағы адам өлімінің деңгейі сол көрсеткіште қалып отыр.
«2017 жылдың жылыту маусымы басталғалы 37 жеке тұрғын үйде өрт болды. Жалпы, облыс есебінде 119594 жеке тұрғын үй тіркелген. Олардың басым көпшілігі пеш жағады. Улы газдың иісі де, түсі де болмайды, денсаулыққа тигізетін әсері зор. Сол себепті, қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға шақырамыз. Әсіресе, түнгі мезгілде абай болу керек», - дейді Орынбаев.