Қостанайда 120 отбасыға пәтер кілті тапсырылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 3 үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайда 120 отбасыға пәтер кілті тапсырылды

Астана күні мерекесінде пәтер кілтіне ие болғандардың қуанышына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ортақтасты. «Әуежай» шағын ауданындағы №23-24, №25-26, №30-31 тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, 120 отбасы пәтер кілтіне ие болды. Баспана құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Мұнда пәтер кезегінде тұрған мемлекеттік қызметкерлер мен халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтары өкілдері қоныстанбақ. Салтанатты шарада тұрғындарды құттықтаған облыс әкімі қуаныш иелеріне көптен күткен пәтер кілтін табыстады.
«Бүгін, міне, үлкен шаттыққа кенеліп отырмыз. Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламаның арқасында тұрғындар баспанаға ие болды. Осы қарқынмен Қостанайды одан әрі гүлдендіріп, кеңейте түсеміз. Қазірдің өзінде «Береке» шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзір. Жоспар бойынша биыл «Әуежай» мөлтек ауданында 47 пәтер қолданысқа беріледі. «Юбилейный» шағын ауданында 52 үй өз иелерін күтеді», - деді Архимед Мұхамбетов.
Бұл күні баспаналы болғандардың бірі - Раушан Сүндетбаева. Ол пәтер кезегіне 15 жыл бұрын тіркелген. Қарияның жасы - 88-де. Өмірге 7 бала әкелген Раушан әжейдің айтуынша, әр баланың өз несібесі бар.
«Астана күні мерекесінде осындай шаттыққа ие болып отырмыз. Біздің отбасы үшін 2015 жыл да есте қалады. Осы жылы немерем Әсетті Елбасы үйлену тойымен құттықтап, үлкен теледидар сыйлаған еді. Әр баланың өз несібесі болады. Міне, облыс әкімі тапсырған бүгінгі пәтерде немерелеріммен бірге тұрамыз. Тоқсанға таяған адамға бұдан асқан бақыттың керегі жоқ», - дейді Раушан Сүндетбаева.
Айта кетейік, «Әуежай» шағын ауданында тұрғындардың игілігіне берілген үйлерді «РСУ-Сәулет» кәсіпорны салды. Жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылған.

null