Қостанайда 16 адам уланған дәмхана иесінің үстінен сотқа арыз түсірілді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті «Ветка сакуры» дәмханасының иесі - жеке кәсіпкер С.Н.Казактың қызметін тоқтата тұру туралы талапарызбен сотқа жүгінді.
None
None

Талапарыздың себебі - аталмыш тамақтандыру орнында санитарлық қағидалар талаптарын бұзушылық орын алған. Салдарынан қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне уланып қалған 16 қостанайлық түскен. Департаменттің талапарызы туралы Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, науқастарда сальмонеллез таяқшасы анықталған. Олардың бәрі сол дәмханадан тамақтанғандарын айтқан. Қостанай қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшылығы Бас прокуратурадан жеке кәсіпкердің қызметін тексеруге рұқсат алуға қол жеткізді. Тексеру барысы эпидемиологтардың күдігін растады: дәмханада көптеген санитарлық қағидаларды бұзушылықтар анықталған. Олардың барлығы департаменттің кәсіпкердің атына берген талапарызында айтылған. Атап айтқанда, оның тіпті нысанның жұмыс істеуіне рұқсат беретін санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы да болмаған. Сондай-ақ жартылай дайын өнімдер мен дайын өнімдердің бір жерде сақталуы, ыдыс өңдейтін тиісті жағдайлайрдың қарастырылмауы, өнімдердің қайдан шығарылғаны және сапасы туралы сертификаттардың болмауы тәрізді ереже бұзушылықтар орын алған. Сонымен қатар, тексерушілер аспаздың қолының шайындысы мен тоңазытқыш сөрелерінен сальмонеллез қоздырғышын тапқан.

Соңғы жаңалықтар
Референдум