Қостанайда 17 жастағы әккі ұры ұсталды

Оқиға Қарабалық ауданында болған. Ұры бала көршісінің үйіне түскен. Ол бұл әрекетті түн ортасында жүзеге асырған. Бөтен үйге еш кедергісіз кірген, бұл кезде шаңырақ иелері қалың ұйқыда жатқан. Қараңғы бөлмелерді тінтіп жүріп, үй иесінің сөмкесін тауып алады. Әмиянын ақтарып, ішінен 39 мың теңгені жымқырып, келген ізімен зып береді. Қожайындар тоналғандарына таңертең көз жеткізіп, полицейлерге қоңырау шалған. Дәніккен жасөспірім араға көп уақыт салмай арам пиғылын жалғастырады. Әуелі әлдебір автокөліктің есігін бұзып, навигация құрылғысын суырып әкеткен. Кейін таяу маңдағы дүкенге түсіп, көңілі қалаған, сөмкесіне сыйғанның барлығын алып, тайып тұрған. Келесі күні ол тәртіп сақшыларының қолына бос сөмкесімен ұсталды. Шығын көлемі есептеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Мұндай қылмысқа ол бірнеше мәрте барған. Ол тұрмысы төмен, берекесіздеу отбасында "тәрбие" көріп келеді екен.
Таяуда аудандық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында тәртіпсіз баланың анасын ата-ана құқығынан айыру, сондай-ақ жасөспірімді арнайы мекемеге жөнелту мәселелері қаралды.
Батыр Жолайұлы