Қостанайда 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Былтыр Қостанайда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Аталған бағдарламаның елді еңбекпен қамтуда жоспары ауқымды. Облыстық жұмыспен қамту орталығының маманы Қарлығаш Жарасованың айтуынша, жұмыс іздеп келген адамдарға оқу курстарынан өту ұсынылады.

«Оқыту өңірдің 7 колледжі мен 2 оқу орталығында өткізіледі. Оқу ұзақтығы үш айға дейін созылады. Оларға ай сайын 16750 теңге стипендия төленді. Қостанай қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы былтыр 4341 адам еңбекке араласты. Оның 3 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылды. 256 адам әлеуметтік еңбек орындарына жіберілсе, жастар тәжірибесі бойынша 167 адам еңбекақысын айырып отыр. Қоғамдық жұмыс орындарына 221 адам тартылды. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде 288 азамат еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандықтарға оқып шықты», - дейді ол.

Бағдарлама аясында кәсіпкерлікті дамытуға басымды берілген. Осы мақсатта облыста қосымша 415 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде, былтыр 28 адам жеке ісін ашып, несібесін молайтып отыр.

Бұған қоса, Қостанайға Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарынан былтыр 45 отбасы көшіп келді. Солардың арасынан 58 адам жұмысқа орналасты, 5 адам жеке кәсібін ашты. Бағдарлама қатысушыларының бәріне мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік жәрдем ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар