Қостанайда 3 жасқа дейінгі ерекше балаларға оңалту орталығы ашылды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Өңірде 28 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрса, оның 2,5 мыңы - балалар.

ерекше бала
Фото: Самұрық-Қазына ҰӘҚ

Жаңа орталықтың арқасында жыл сайын сал ауруына ұшыраған, невропатия және басқа да патологиялары бар 3 жасқа дейінгі 600 бала кешенді көмекке ие болып, әлі қалыптаспаған функциялар мен дағдыларды игере немесе дамыта алады.

Жаңа орталық қозғалыс дағдыларын дамытудың заманауи технологияларымен, арнайы техникалық құралдармен, тренажерлармен, аппараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықталған.

Айта кетейік, ерте араласу орталықтарын ашу жобасы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры және «Қазақстан халқына» қоры орталықты материалдық-техникалық жабдықтауды қаржыландырса, «Қамқорлық қоры» қоры барлық жобаны үйлестіріп, мамандарды оқытуды қолға алған. Қостанай облысының әкімдігі болса, инфрақұрылымды таңдау және ғимаратты жөндеуді қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізді.

Бүгінгі таңда 16 ерте араласу орталығы жұмыс істесе, тағы орталықтарды Қызылорда, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында ашу жоспарлануда. Жобаны іске қосқаннан бері 9 мыңнан астам бала көмек алып, олардың 1178-і алғашқы қадамын жасады. Жалпы Қор қолдауымен елімізде 38 оңалту орталығы ашылған.