Қостанайда 50 мың адам тегін жер кезегінде тұр: қанша учаске берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай қаласында жеке тұрғын үй салу үшін тегін жер телімін алуға шамамен 50 мың адам кезекте тұр. Қазір қаладағы Құнай тұрғын алабында жер учаскелерін бөлу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

50 тысяч человек ждут бесплатную землю в Костанае: сколько участков уже выделили
Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақстанның Жер кодексіне сәйкес, еліміздің әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін көлемі 10 сотыққа дейінгі жер учаскесін тегін алуға құқылы. Алайда жер телімдері аумақтар дайындалып, бос жер болған жағдайда ғана беріледі.

Қостанай қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, қазір жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерді алу үшін 50 мың адам кезекте тұр. 2026 жылдың сәуір айынан бастап қаладағы Құнай тұрғын алабында жер учаскелерін бөлу басталған.

Жоба бойынша жеке тұрғын үй салуға арналған барлығы 1967 жер учаскесі қарастырылған. Оның 14-і 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға берілген. Бұл учаскелерге бір қабатты тұрғын үйлер салынған.

Тағы 1668 учаске кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі. Олардың көлемі 8 сотыққа дейін. Бұл аумақта 967 бір қабатты және 701 екі қабатты үй салу жоспарланған.

2026 жылғы 13 сәуірден бастап мамандар кезекте тұрған азаматтарға жерді рәсімдеу қажеттігі туралы хабарлай бастаған. Тұрғындарға телефон арқылы қоңырау шалып, «1414» сервисі арқылы да SMS-хабарлама жіберілген.

Қазіргі уақытта бұрын жасақталған тізімдегі 1668 адамның барлығына хабар берілген. Азаматтардың өтініштері мен құжаттарын қабылдау қорытындысы бойынша әкімдік жер учаскелерін беру туралы 724 қаулы қабылдаған.

Бұған дейін жер телімін алған азаматтар оны бос қалдыруға немесе басқа мақсатта пайдалануға болмайтыны хабарланған еді. Қолданыстағы талап бойынша, алты ай ішінде учаскені қоршап, құрылыс жобасының эскизін келісу қажет. Үй бекітілген жобаға сай салынуы керек. Ал құрылысты үш жыл ішінде аяқтау міндеттелген. 

Сонымен қатар Ақтөбеде игерілмеген 36,6 мың гектар жер телімі мемлекетке қайтарылғаны белгілі болды.