Қостанайда 60 тұрғынға пәтер кілті табысталды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында Архимед Мұхамбетов қостанайлықтарға «Северный» шағынауданындағы жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайда 60 тұрғынға пәтер кілті табысталды

Бүгін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған пәтерлер 60 тұрғынға берілді. Олардың барлығы - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары. Жалпы, жыл басынан бері мың шақты тұрғын баспаналы болған.

«Бұдан бөлек шағынауданды абаттандыруға 2 млрд теңге қарастырылып отыр. Естеріңізде болса, былтыр осы аумақтан 2 көпқабатты үй пайдалануға берілген. Алдағы уақытта тағы 4 үй салынып, 2018 жылдың соңына дейін тұрғындарға тапсырылады. Жоспар бойынша, осы «Северный» шағынауданында 11 көпқабатты үй саламыз», - деді аймақ басшысы.

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, биыл облыста 14 үй салынды. Мұндағы пәтерлердің бағасы 1 шаршы метріне 148 000- 153 000 теңге аралығында. Олардың барлығы «Нұрлы жер» арқылы тұрғызылды.

Қостанай облысында тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік үй бағытында 2018 жылы 1000-нан астам пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.