Қостанайда 80 мыңнан астам медициналық қолғапты елден шығармақ болғандар ұсталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында медициналық қорғаныш құралдары саудасын заңсыз іске асырмақ болғандар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елімізде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ҚР Премьер-Министрінің өкімі бар. Соған сәйкес, медициналық және жеке қорғаныш құралдарын елден сыртқа шығаруға тыйым салынған.
«Қостанай облысы Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде шекара бекетінде медициналық қолғаптарды сыртқа тасымалдамақ болған автокөлік ұсталды. Мемлекеттік кірістер органдарының тексерісі барысында көлік иесінде тиісті құжаты болмаған. 41 қорап м едициналық қолғап табылды. Барлығы 80 400 дана тәркіленді.
Аталған іс материалдар мемлекеттік кірістер органдарына жіберілді. Жеке тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ұсыным хат жолданды», делінген Қостанай облысы Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз хабарламасында.
Енді медициналық қолғаптарға қатысты шешімді өкілетті органдар шығарады.