Қостанайда аңшылық дүкеніндегі өрттен 4 адам қаза тапқан – Бас прокуратура

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы Қостанай қаласындағы «Оружейная палата» аңшылық дүкеніндегі өрттің зардабы туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайда аңшылық дүкеніндегі өрттен 4 адам қаза тапқан – Бас прокуратура

«3 қыркүйекте Қостанай қаласында «Оружейная палата» аңшылық дүкені өртенген. Соның салдарынан дүкеннің жеті қызметкері зардап шегіп, үшеуі күйік шалып ауруханаға жатқызылды, ал төртеуі қаза тапты», - деп жазылған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ресми ақпаратта.

Еске салсақ, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі аталған өрттен 2адамның қайтыс болғанын хабарлаған еді.

Бас прокуратура Қостанай облысындағы өрттерге байланысты 3 қылмыстық іс қозғады.

Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі (отпен абайсыз жұмыс iстеу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірілген іс-әрекет), 341-бабының 1-бөлігі (ормандарды жою), 292-бабының 3-бөлігі (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталды.