Қостанайда аңшылық туризмді дамыту үшін 300 га алқап бөлінеді
Өңірде қандай туристік жобалар іске асырылады? Оларды іске асыру үшін қанша жер телімі бөлінген? Осы сұрақтар бойынша облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Роза Горянная жауап берді.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылдармен салыстырғанда 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында туризм саласындағы негізгі көрсеткіштердің өсу үрдісі байқалды. Облыста сауықтыру туризмі белсенді дамып келеді. Негізгі туристік бағыт - Алтынсарин ауданы. Мұнда шипажайлар, демалыс орындары мен сауықтыру лагерьлері бар.
«Жоба бойынша Қостанай облысында туристік аң аулау аймағын жасау үшін және «Қызыл кітапқа» енген жануарларды айрықша қорғауға 300 га алқап бөлінетін болады», - деді Роза Горянная.
Қазақстанның Үшінші жаңғыруының басым бағыттарының бірі туризмді дамыту десек, бұл сала бойынша облыста экотуризм мен емдеу-сауықтыру кешендері озық тұр.
Еске салсақ, биыл ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі А.Баталов Қостанай облысы төңірегіндегі геоглифтерді пайдалана отырып, туристік аймақ құруды ұсынған. Вице-министр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында да көптеген жобаны бірлесе отырып, қолға алуға болатынын айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда аңшылық-трофейлік туризм дамымай жатыр.
«Біз әлеуметтік туризмді дамыту жолдарын да қарастырамыз. Бұл ретте өңірдегі 103 аң шаруашылығы ұйымы бізге көмектеседі. Қазірдің өзінде «Спецназ» сауықтыру демалыс базасы жоғарғы қарқында жұмыс істеп тұр. Жалпы, жыл аяғына дейін туризм саласында 7 жоба жүзеге асады»,- деп мәлімдеді Горянная.
Айта кету керек, барлық жобаға 512 млн теңге қаражат жұмсалады. Сондай-ақ, 70 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.