Қостанайда әтір тиелген жүк көлігі жанып кетті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында парфюмерия қораптары тиелген жүк көлігі отқа оранды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қостанайда әтір тиелген жүк көлігі жанып кетті

Оқыс оқиға 1 ақпан күні «Қостанай-Федоров» тасжолының бойында болған. Куәгерлер жанып жатқан көліктің бейнежазбасын Youtube желісіне салды.

Ал облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, әтір тиелген жүк көлігінің тіркемесі түгелдей жанып кеткен.

«1 ақпанда сағат 18:42-де Озерное селосының маңында «VOLVO FH 12» жүк көлігінің жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеке құрамның 5 өрт сөндірушісі мен екі арнайы техника жұмылдырылды. Парфюмерия өнімдері тиелген жүк көлігінің тіркемесі өртеніп кетті», - деп хабарлады ТЖД баспасөз хатшысы Меруерт Балғина агенттік тілшісіне.

Белгілі болғандай, жалын 20 шаршы метр аумақты шарпыған. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сол күні сағат 21:30 шамасында сөндірілді.