Қостанайда ауызсуға берешек 42,9 миллион теңгеден асты
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда тұрғындар мен басқа да тұтынушылардың «Қостанай-Су» коммуналдық кәсіпорны алдындағы қарызы 42 миллион теңгеден асты. Бұл — үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген берешек.
Қала тұрғындары мен кәсіпорындардың коммуналдық қызметтерге берешегі 42,9 миллион теңгеден асқан. Қазір «Қостанай-Су» мекемесі қарызды өндіріп алу жұмыстарын жүргізіп, төлем жасамаған тұтынушылармен жұмыс істеп жатыр.
2026 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша кәсіпорынның қызметін 116 723 абонент пайдаланған. Оның 112 532-сі — қала тұрғындары, ал 4 191-і — заңды тұлғалар.
1 шілдеден бастап Қостанайда коммуналдық қызметтердің орташа тарифтері өсті. Атап айтқанда, сумен жабдықтау тарифі 18,3%-ға, ал су бұру қызметінің тарифі 29,4%-ға көтерілді. Алайда халық үшін ауызсу тарифі өзгеріссіз қалды.
«Қостанай-Су» мекемесінің мәліметінше, тарифтерді қайта қарау су желілеріндегі апат санын азайтуға, қажетті арнайы техника мен жабдық сатып алуға және қаржылық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік берген.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 14,2 миллион текше метр ауызсу тұтынушыларға жеткізілген. Ал су бұру қызметінің көлемі 12,2 миллион текше метр болды.
Айта кетейік, Петропавлда келер жылдан бастап су тарифі — 38%, ал кәріз қызметі 12% қымбаттауы мүмкін.