Қостанайда ауылшаруашылық кластері құрылады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі  Архимед Мұхамбетов Қостанай ауданындағы «Сейдахметов Е.С» шаруа қожалығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Сейдахметов Е.С» шаруа қожалығының құрылғанына 6 жыл болған. Осы уақыт аралығында қожалық мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, түрлі қажеттіліктерге 800 млн теңге жұмсады.  

«Мал шаруашылығы кешен-репродукторын дамыту аясында ірі қара мал сатып алу жылдық жоспардан түскен емес. 2012-2013 жылдары Канададан «ангус» тұқымынан 600-ден астам ірі қара малын сатып алдық. Себебі, түліктің бұл тұқымы өңірдің климаттық жағдайына жақсы бейімделген. Қазір қолда 650 асыл тұқымды аналық мал басы бар. Ендігі мәселе мал жаятын алқаптың жетіспеуі болып тұр. Амал жоқ, жаз кезінде 100 шақырымда орналасқан Таран ауданындағы жайылымға апарамыз. Оған кететін шығын да қалтаға салмақ түсіреді», - дейді шаруа қожалығының басшысы Ерсін Сейдахметов.
null 

Шаруалармен кездесу барысында облыс әкімі аймақтағы ауылшаруашылық кластерлерін дамытудың маңызына тоқталды.

«Қазір облыста 4 ірі кластер жұмыс істейді. Олар: Арқалық ет комбинаты, Қарабалықтағы «Терра» шаруашылығы және Қостанайдағы «Милх» зауытының базасы.  Төртінші кластерге май экстракциялау зауытының алқабы жатады. Енді қала шетінен тағы бір ауылшаруашылық кластерін құруды тапсырамын. Егер «Сейдахметов Е.С» ШҚ алған қарқынынан танбаса, онда жаңа база осында құрылуы мүмкін», - деді Архимед Мұхамбетов.

Мұнан соң Ерсін Сейдахметов өзі басқаратын қожалықтың базасымен таныстырды. Оның сөзінше, былтыр мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал сою пункті мен ветеринарлық бөлімше жаңарған. Бұған қоса 4 жүк көлігі мен 8 трактор сатып алынған. Шаруа қожалығында барлығы 20 адам жұмыс істейді. Олардың айлығы 70-90 мың теңге арасында. 

Соңғы жаңалықтар