Қостанайда автожолдардың су тасқынына дайындығы тексерілді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Әулиекөл, Қарасу аудандарына барып, тасжолдардың су тасқынына қарсы шаралар дайындығымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көктемгі су тасқыны облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарға айтарлықтай залал келтіруі мүмкін. Мәселен, жақында қар суының еруі салдарынан облыс аумағындағы «Екатеринбург-Алматы» республикалық тасжолының үстінен су жүріп кетті. «ҚазАвтоЖол» Қостанай облысы филиалының директоры Андрей Горват баяндағандай, биыл «Екатеринбург-Алматы» автожолының 714-716 шақырымына көпір салынады. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың наурыз аянда аяқталмақ. Жоба құны - 791 млн теңге.
«Облыстағы республикалық маңызды жолдың ұзындығы 1 410 шақырым. Оның 1 363,7 шақырымындағы жөндеу жұмыстары «ҚазАвтоЖол» АҚ тиесілі. Өткен 3 жылдың тәжірибесіне сүйеніп, биыл су жүріп кетуі ықтимал 37 жол телімін анықтадық. Ол аумақтардағы жұмыстарды барынша күшейтіп жатырмыз. Жалпы, республикалық маңызды жолдарда 30 көпір 731 су өткізгіш құбыр бар. Жақында аталған құрылыстарды қардан тазарттық», - деді А.Горват.
Алайда, облыс әкімі кез келген жағдайға дайын тұру керектігін еске салды. Оның сөзінше, қазіргі уақытта салғырттық танытуға болмайды.
«Биыл қар қалың түспеді деп, қол қусырып отыр бермеңіздер. Өзендердегі су деңгейі де әзірге төмен. Бірақ, кез келген уақытта су көтеріліп кетуі мүмкін. Сол себепті, күні түні кезекшілік ұйымдастырыңыздар. Тасқынға қарсы күрес жағдайы қатаң бақылауда ұсталуы керек. Бұан қоса су қоры бар гидротехникалық нысандар да ерекше назарда болсын», - деді Архимед Мұхамбетов.
Мұнан соң аймақ басшысы Қарасу өзеніндегі мұз жару жұмыстарын бақылады. Андрей Горват айтқандай, бұл жұмыстар сең жүру басталғанға дейін жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, ол су тасқыны басуы қаупінің алдын алу үшін қажет.
Белгілі болғандай, биыл облыста 10 су өткізу құбыры қалпына келтіріледі. Атап айтқанда, Арқалық-Жезқазған, Қостанай-Сарыкөл, Жітіқара-Мықтыкөл-РФ шекарасы және Қостанай-Ұзынкөл-СҚО шекарасы бағытындағы су өткізу құбырлары жаңармақ. Оған бюджеттен 31 млн теңге қарастырылды.