Қостанайда азық-түлік бағасын тұрақтандыратын қор құрылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы әкімдігінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан, қалалардың басшыларына азық-түлік бағасын бақылауда ұстауға тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Әбдікәрімовтің сөзіне қарағанда, азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мәселесі жөнінде жұмыс тобы құрылды.
«Бүгінге дейін әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының бағасы төмендеген. Атап айтқанда, ұн - 7%, қарақұмық жармасы - 27%, күнбағыс майы - 12%, қант - 7%, жұмыртқа - 10%, сәбіз - 3% және қызылша бағасы 1%-ға кеміген. Бағаны тұрақтандыру бойынша жыл басынан бері 272 жәрмеңке өткізілді. Мұнда 4 мың тонна өнім өткізілді. Жыл соңына дейін тағы да 3 ауылшаруашылық жәрмеңкесін ұйымдастырамыз.
Мұның сыртында, қалалар мен аудандардың әкімдіктері сауда желілері және тауар жеткізушілермен 806 меморандум жасаған. Келісімге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер өз бағасынан 5 пайыздан артық қымбаттамайды.
«Азық-түлік бағасын тұрақтандыру қоры құрылды. Осыған орай айлық жоспар бекітілді. Қолдағы мәлімет бойынша, қорға жалпы сомасы 528 млн теңге болатын 2950 тонна азық-түлік сатып алынды», - деді Әбдікәрімов.
Дегенмен, кей тауарлардың шамадан тыс қымбаттағаны байқалады. Мәселен, Қостанай дүкендерінде сиыр еті - 18%, картоп - 34%, тауық еті - 11%, жуа - 32%, күріш 13%-ға қымбаттап отыр.
«Өңірде жемшөп құны шарықтап кетті. Тиісінше, сиыр етінің де бағасы соншалықты артты. Былтырғы жылдың соңында сиыр етінің бір келісі 800-1000 теңгеден сатылса, бүгінде ол 300-400 теңгеге қымбаттап кетті. Оған қоса елдің басқа облыстарына экспортқа шығарып отырмыз. Ал картопқа деген сұраныс жоғары. Сол себепті өнім өндірушілер бағаны тұрақты ұстап отырған жоқ», - деді басқарма басшысы.