Қостанайда бірінші рет жемқорлыққа қарсы спектакль қойылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық қазақ драма театрында тұңғыш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы спектакль қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында «Жемқорлық - әлеуметтік дерт» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы спектакльдің таныстырылымы өтті. Бұл идеяның авторы - облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті. «Жемқорлық - әлеуметтік дерт» пьесасы болған оқиғаның желісінде қойылды. Департамент басшысы Салауат Мүксімовтің айтуынша, әртістер бұл спектакль арқылы жемқорлықтың қоғамға тигізетін жағымсыз тұстарын көрсеткісі келді.
«Жемқорлықпен күрес бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл қойылымды өңірдің мемлекеттік қызметкерлері асыға күтті. Меніңше, пьесаны әр қостанайлық мемқызметші көруі тиіс. Әр қала мен ауданға барып, халыққа ұсынсақ деген ой бар. Әртістер тақырыпты жан-жақты ашып берді. Премьера өз деңгейінде өтті», - деді Салауат Мүксімов.
Көрермендер де мұндай қойылымдарды жиілету керек деп есептейді. Себебі, мәдени-қоғамдық орындарда жемқорлықтың зардаптары туралы жиірек айтылуы тиіс.
Алдағы уақытта облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мен қазақ драма театры өзара жобаларды іске асыруға келісті.