Қостанайда бірнеше елді мекеннің атауы өзгеруі мүмкін
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының орталығында жер-су атауларын өзгертуге байланысты кеңейтілген жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елімізде көше, жер-су атауларын қазақыландару уақыт өткен сайын біртіндеп шешімін табуда. Кеңестік заманда орысша атауларға ие болған елді-мекендердің атаулары бүгінде бұқаралық сипат алып, халықтың бастамасымен өзгеріске ұшырап жатыр. Ал 2013 жылы «ҚР ономастика туралы» заңына бірқатар өзгертулер мен толтықтырулардың енгізілуі осы мәселеге айтарлықтай серпін берді.
Басқосуда әр өңірден келген ғалымдар мен өлкетанушылар еліміздегі ономастиканың өзекті мәселелерін көтеріп, келелі ойларын ортаға салды.
«Қостанай облысында жер-су атауларын өзгерту бойынша атқарылатын жұмыстарды жандандыру қолға алынды. Мемлекет басшысының 2017 жылғы 28 ақпандағы тапсырмасына сәйкес, елді-мекендердің тарихи атауларын қайтару мәселелеріне назар аударып отырмыз. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылды. Олар өңірдің барлық аудан-қалаларына барып, жұртшылықпен кездеседі», - деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекинова.
Ономастика саласында Тобыл өңірінде ауқымды іс тындырылып келеді. Биыл облыс орталығындағы Таран, Герцен көшелерінің атаулары, тиісінше Тәуелсіздік және Қобыланды батыр болып өзгерді. Сол сияқты Қостанай және Ұзынкөл аудандарының орталық көшелері Тәуелсіздік, Дәрменов, Жаңбыршин атанды.
Енді қараша айында 49 елді мекен мен көшелердің атауын өзгертуге қатысты жеті ауданда жиын өтеді. Жергілікті тұрғындар келіссе, жаңа атаулар республикалық комиссияның талқылауына жіберіледі. Қазірдің өзінде бастамашыл топ Павловка Святославка, Веренка, Новопавловка атты елді мекендердің атауларын ауыстыру туралы ұсыныс айтуда.
«Расында Қостанай өңірінің кей көшелерінен бастап, ірі-ірі аудандарына дейін ономастикалық сараптау, екшеу жұмыстары күтіп тұр. Бұл - уақыт талабы. Тарихи әділетсіздіктердің кесірінен талай арда тұлғаларымыз ұмыт болып барады. Осы олқылықтың орнын толтырар уақыт жетті», - деді Ш.Уәлиханов атындағы ҚМУ доценті Сәбит Жамбек.