Қостанайда бір тәулікте айлық жауын-шашын мөлшері түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда 9 маусым мен 10 маусымға қараған түні 37,5 мм жауын-шашын түсті. Бұл маусым айындағы орташа айлық норманың 101,3%-ын құрайды, деп хабарлады Kazinform агенттігінің тілшісі.
Қала әкімдігі атап өткендей, бір күнде рекордтық көлемде жауын жауғанына қарамастан, су бұру жүйесі жүктемені еңсерген.
Билік мәліметінше, айлық жауын-шашын мөлшері іс жүзінде бір тәулікке жетпейтін уақытта түскен. Нөсер жаңбыр салдарынан қаланың кейбір бөліктерінде уақытша су жиналған көрінеді.
Әлеуметтік желілерде тұрғындар ауа райының күрт бұзылған сәттерінен түсірілген бейнежазбаларды жариялады.
Су басқан көшелерден көлік жүргізушілері де зардап шекті — көптеген автокөлік иелері мемлекеттік тіркеу нөмірлерінен айырылған.
Облыстың кейбір аудандарында бұршақ жауған. Әлеуметтік желілерде ауыл тұрғындары жауын-шашынның егістік алқаптарға зиян келтіргенін жазып жатыр.
Қаладағы нөсер кәріз жүйесінің жалпы ұзындығы 110 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, Қостанайда 18 шақырым су бұру арналары мен су өткізу құрылыстарымен жабдықталған 15,7 шақырым сай жүйесі бар. Қазіргі уақытта жолдар мен аулаларда су жиналу фактілері тіркелмеген.
Әкімдік соңғы үш жылда қалада су бұру инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Осы кезеңде шамамен 22 шақырым нөсер кәріз желісі салынған.
Ең маңызды жобалардың қатарында Қостанай-2 шағынауданы мен Назарбаев даңғылындағы жол өткелі аталды. Бұрын бұл аумақтарда қатты жауын-шашын мен су тасқыны кезінде тұрақты түрде су басу жағдайлары орын алатын.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде нөсер жауыннан соң 100-ден астам ассенизатор тәуліктік кезекшілікке шығарылғаны белгілі болды.