Қостанайда екі гастролер трансформатордан 100 млн теңгенің затын ұрлаған
Қостанайда трансформатор қосалқы стансаларынан құны 100 млн теңгеге жуық ұрлық әшкере болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының екі тұрғыны трансформатор қосалқы стансаларынан жабдықтарды кезекті мәрте ұрлау барысында ұсталды.
Бұл олардың алтыншы ұрлығы болар еді.
Екі апта бойы «гастролерлер» Қостанайдың қосалқы стансаларынан қымбат жабдықтарды ұрлап жүрген.
Мысалы соңғы рет олар қосалқы стансадан 4 блок-модульдік релелік қорғанысты ұрлауға тырысқан.
Осындай бір қорғаныстың құны — 2,5 млн теңге.
— «Юбилейный» шағынауданындағы трансформатор жанынан өтіп бара жатып арнайы киім киген екі жігітті стансаға кіргенін байқадым. Тексерейін деп шештім, өйткені бұрын ұрлық туралы арыз келіп түскен болған. Қосалқы станцияға жақындаған кезде құлыптың бұзылғанын көріп, бірден көмек шақырдым. Екі жігіт шығуға дайындалып жатқанда біз оларды әріптестерімізбен бірге қоршап алдық. Бізді көргенде олар жасырынуға тырысты. Бірақ біз оларды ұстадық, — деді жедел уәкіл Бауыржан Өтеутілеу.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 188-бабымен қылмыстық істер қозғалды. Қажетті тергеу жүріп жатыр.
Ақмола облысының Ақкөл ауылының 20 жастағы екі тұрғыны іс бойынша күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Күдіктілер өз кінәсін мойындады. Ұрланған мүлік ішінара тәркіленді.
Барлық дерек бойынша жалпы шығын 100 млн теңгеден асты.