Қостанайда екі мекеме арасында дау туып, оқушылар турникетсіз қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Биылғы қаңтар айында «СПК НОРД» ЖШС мердігер ұйымы Қостанай қаласының білім бөліміне жұмысын тоқтататынын хабарлаған кезде даулы жағдай туындады. Бұған бастауыш сынып оқушыларына тегін түскі ас беру себеп болды, соның салдарынан азық-түлік жеткізушілер мердігермен қосымша ақы төлеу туралы келісім жасасудан бас тартты.
Қалалық білім бөлімінен баяндағандай, 2020 жылдың қазан айында Қостанай қаласының әкімдігі, білім бөлімі және «СПК НОРД» ЖШС арасында келісімшарт жасалған.
«Ынтымақтастық аясында компания қаладағы 13 мектепте турникет, оның ішінде 8 мектепте „Ақылды асхана“ бағдарламасы орнатылған. СПК НОРД фирмасы мектептерде азық-түлік жеткізушілерімен „Ақылды асхана“ бағдарламалық жасақтамасын пайдалану жөнінде келісім жасады. Оқушыларға электронды карта тегін таратылды. Балалар бұл картаны турникеттен өтетін кезде ғана емес, сонымен қатар асханада мектепте түскі ас ішу үшін де пайдаланады», — деп хабарлады ведомстводан.
Алайда биыл жағдай өзгерді.
Мердігер азық-түлік жеткізушілері 1-4 сынып балаларын тегін тамаққа ауыстырғаннан кейін қосымша келісімдерге қол қоюдан және тиісінше фирманың қызметіне ақы төлеуден бас тартуына байланысты одан әрі жұмыс істемейміз деп отыр.
«Осыған байланысты мердігер жобаны жауып, турникеттерді бөлшектеу жөнінде шешім қабылдады. Біз өз тарапымыздан екі жекеменшік фирманың арасында туындаған мәселені шешуге қатыса алмаймыз», — деп түсіндірді білім басқармасынан.
ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 305 қаулысына, сондай-ақ Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығына сәйкес мектептердің турникетсіз қалуына болмайды.
Сондықтан бүгінде қала мектептері мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жаңа турникет сатып алып, орнататынын хабарлады.
Ал олардың қандай болатыны мектеп пен ата-ананың ортақ шешіміне байланысты. Заңды өкілдердің пікірлеріне келсек, олар екіге бөлінген.
Кейбіреулер турникет заманауи, қауіпсіз болуы керек деп санаса, басқалары заманауи турникеттерге мүлдем қарсы.
Бірақ, білім басқармасында атап өткендей, шешім мектеп әкімшілігі мен ата-аналар кеңесімен бірлесіп қабылданады.
Бүгінгі жағдайға келетін болсақ, бөлшектеу жұмыстары жалғасып жатыр. Турникет алынған жерлерде балаларды мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері, вахтер, күзетшілер күтіп алуда.
Асханаларда балалар түскі асты қолма-қол ақшамен, қолма-қол ақшасыз (терминал, кез келген банктің карталары) төлеп іше алады.