21:02, 03 Қаңтар 2020 | GMT +5
Қостанайда екі көлік соқтығысып, үш адам көз жұмды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында екі көлік соқтығысып, үш адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға бүгін «Қостанай-Сарыкөл» тасжолының 15-ші шақырымында болған. 44 жастағы ер адам басқарған «Мицубиси Лансер» автокөлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, «ВАЗ 2170» көлігіне соқтығысқан.
«33 жастағы «ВАЗ» жүргізушісі оқиға орнында, 5 жасар бала облыстық балалар ауруханасында көз жұмды. «Мицубиси Лансер» жолаушысы жедел-жәрдем қызметінің көлігінде көз жұмды. Осы факт бойынша сот алды тексеру шаралары басталды, сараптама тағайындалды», - деді полицияның баспасөз хатшысы Ирина Беженарь агенттік тілшісіне.
Қостанайлық полицейлер көлік жүргізушілерін барынша сақ болуға шақырады. Алдағы аптада облыстың тасжолдарында көктайғақ болатынын ескертеді.