Қостанайда екі сібір елігін заңсыз атып алған тұрғын ұсталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – «Браконьер» жедел алдын алу шарасы барысында заңсыз сібір елігін атып алған Қостанай облысының тұрғыны ұсталды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті табиғатты қорғау полициясы бөлімінің бастығы Талғат Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Браконьер» жедел алдын алу шарасы аясында 29 қазан күні Меңдіқара ауданының полиция қызмерткерлері заңсыз аң аулау фактісін анықтады. Полицейлер жүргізген тексеру барысында Татьянов ауылының 59 жастағы тұрғынының үйінен атып алынған 2 сібір елігі табылды.
Тұрғында аталған аңды аулауға арналған рұқсат қағазы болмады. Сонымен қатар, оның үйінен заңсыз сақталған қару анықталды. Бұл жағдай бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аң аулау) бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп мәлім етті Талғат Ахметов.
«Браконьер» жедел алдын алу шарасы аталған өңірде 20 қазанда басталған болатын.