Қостанайда емтихан билеттерінің жаңа форматы таныстырылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Қостанай - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі облыстың жоғары оқу орындарына ауызша емтихан тапсыру үшін ерекше билеттер жасауды ұсынды. Мұндай жаңашылдық республикада бірінші рет енгізіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты - емтихан уақытында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою. Емтихан билеттерінің жаңа форматы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттеріне таныстырылды.
Мемлекет қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті баспасөз қызметі атап өткендей, емтихан билеттерінің кері жағында 1424 call - орталығының, «Қостанай - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің телефоны көрсетілген. Сондай-ақ, «Адалдық - болашаққа инвестиция», «Сатылмаушылық - сапалы білім кепілі», «Сәттілік кәсіби мамандарды жақсы көреді» ұран-сөздері жазылған.
«Емтихан билетінде пәндік сұрақтар орналастырылса, оның кері жағы бос тұрады. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы материалдарды жазу үшін емтихан билеттерін пайдаланудың қисынды идеясы туындады. Бұған қоса, сессия барысында облыстың барлық жоғары оқу орындарында байқаушылар ретінде қоғамдық ұйымдар қатысады», - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз хатшысы Аида Бажирова.