Қостанайда ірімшіктің 10 түрін өндіретін жаңа кешен іске қосылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай облысында қайта өңдеу бойынша 12 жоба іске асырылады. Бұл туралы аймақ әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңір басшысы Президент тапсырмасымен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге барынша көңіл бөлінетінін айтты. Қайта өңдеуде 12 жобаны іске асыруға 80 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарлануда.
«Германиялық Deutsches Milchkontor GmbH тарта отырып, ірімшіктің 10 жаңа түрін өндіретін кешен салынады («Милх» ЖШС), бұл ірімшік өндірісінің қуатын арттыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Жобаның құны – 7,2 млрд теңге, қуаты – жылына 2 мың тонна өнім», - деді Қ. Ақсақалов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, жаңа зауыттың іске қосылуы өңделген сүт үлесін 60%-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ, майлы дақылдардың егіс алқаптарының ұлғаюы оларды қайта өңдеу зауытын салу қажеттілігін білдіреді. Сондықтан жылына 100 мың тоннаға дейін қайта өңдеу қуаты бар май экстракциялық зауыт салу жоспарлануда, жобаның құны - 10 млрд теңге. Нәтижесінде өсімдік майынан басқа, күнжара, шрот сияқты қайта өңдеу өнімдері алынады. Жаңа кәсіпорындарды құру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді», - деді Құмар Ақсақалов.
Бұған дейін Қостанай әкімі әлеуметтік азық-түліктің басым бөлігі өңір ішінде шығарылатынын айтқан еді.