Қостанайда қазақ күресінен республикалық турнир аяқталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналған ашық біріншілік мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы турнирге Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Өскемен, Қостанай, Арқалықтан келген жүзге тарта бозкілем шебері қатысып, екі күн бойы күш сынасты.

55 келі салмақта кілемге шыққан арқалықтық Келден Батухан жарыс жеңімпазы атанды. Ал 60 келіде қызылордалық Бауыржан Райысовтың мерейі үстем болды. 66 келіде сынға түскен оңтүстікқазақстандық Әмір Ерік топ жарса, петропавлдық Қайырбек Батырдан 74 келі салмақта ешкімге дес берген жоқ. 82 келі салмақта шымкенттік тағы бір оғлан - Руслан Өскембаев жеңіс тұғырына көтерілді. Оның жерлесі Айбек Сыдықов 90 келіге дейінгі ауыр салмақта топ жарды. 100 келі салмақта Оңтүстік Қазақстан облысының палуаны  Қайсар Шәмшиденов турнир жеңімпазы болды. Ал 100 келіден ауыр салмақта осы өңірдің тағы бір палуаны Нұрсұлтан Мыңғышевке тең келер спортшы табылмады. Өздеріңіз байқағандай, салмақ дәрежесі бойынша тігілген жүлделердің төртеуін оңтүстіктен келген ұландар қанжығасына бөктеріп әкетті.

Күрестің «көкесі» абсолюттік сын екені белгілі. Турнирдің «түйе палуаны» атағын Оңтүстік Қазақстаннан келген Қайсар Шәмшиденов иеленді.

«Ахаң атамызды еске алуға арналған республикалық турнир өте жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Жарысқа қатысушылардың деңгейі осыны көрсетті. Палуандардың арасында елішілік жарыстардан бөлек, халықаралық сындарға қатысып, жүлдегер атанып жүрген палуандар да бар. Оларға қарсы біздің жерлестеріміз лайықты қарсылық танытты», - дейді турнирдің төрешісі Нұрбол Әбдіғалиев.

Айта кеткен жөн, шараға қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. 

Соңғы жаңалықтар