Қостанайда Қазақстан мен Ресей жастарының форумы өтеді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Осы жылдың мамыр айында Қостанайдағы Жастар сарайының салтанатты ашылуына орай Қазақстан мен Ресей жастарының ынтамақтастық форумы өтеді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанай облысында мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына сәйкес шаралар кешені іске асырылуда. Осы бағытта да белгілі жетістіктер бар. Бүгінде облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызға дейін кеміді. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,8%-ға төмен.
«Жастар жылының Жол картасы аясында өңірімізде 78 іс-шара қарастырылған, оларды іске асыруға барлық мемлекеттік құрылымдар жұмылдырылмақ. Президент тапсырмасына орай жақын арада «Жас маман» бағдарламасы қабылданатын болады. Өздеріңізге мәлім, былтыр облыс аумағында «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы іске асырылды. 143 жоба гранттық негізде қаржыландырылды. Оларды 492 жас адам (оның ішінде 18 мүгедек адам) жүзеге асырды. Бөлінген қаржы - 230 млн теңгеден астам», - деді Марат Жүндібаев.
Тағы бір жаңалық - 2019 жылдың мамыр айында Қостанайдағы Жастар сарайының салтанатты ашылуына орай Қазақстан мен Ресей жастарының ынтамақтастық форумы өтеді. Оған екі елден барлығы 500-ден астам делегат қатысады деп күтілуде. Марат Жүндібаев айтулы шараға барлық аудан-қала әкімдерін белсенді атсалысуға шақырды.
Жалпы, биыл облыста Жастар жылына арналған ауқымды шараларға 300 млн теңге бөлініп отыр. Соның ішінде, әлеуметтік маңызы бар бастамаларға 65 млн теңге қаржы қарастырылған. Мәселен, «Жасыл қала - жасыл ауыл» атты қоғамдық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы ретте облыстағы ЖОО мен колледждер, жастар ресурстық орталықтары студенттер арасында еріктілерді оқыту курсын ұйымдастырмақ.