Қостанайда қазақтың тұңғыш механизатор қызына ескерткіш орнатылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда даңқты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваға арналған ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атақты тракторшының ескерткіші өзінің есімі берілген К.Дөненбаева көшесіндегі жаңадан салынған Жастар сарайының жанынан бой көтерді. Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Кәмшат Дөненбаеваның есімі әрдайым жадымызда болып, оған көрсетілер құрмет таусылмайтынын жеткізді.
«Қазақтың маңдайына біткен біртуар қызы Кәмшат Дөненбаева бір дәуірдің аңызына айналды. Ол небәрі 32 жасында «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Кәмшат апамыз тракторын тізгіндеп қана қоймай, ошағын өшірген жоқ. 4 баланы тәрбиелеп өсірді. Өмірінің соңына дейін басынан ақ орамалын тастаған жоқ. Қандай жиында болсын, еліміздің амандығын тілеп отыратын. Өкінішке қарай, халықтың аяулы қызынан айырылып қалдық. Дегенмен, Кәмшат апамыздың есімін құрметтеуге арналған шаралар жалғаса береді», - деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов даңқты механизаторды бір облыстың емес, күллі Қазақстанның мақтанышы деп бағалады.
«Сонау 1984 жылы шөп шауып келу үшін 500 шақырымдағы Түмен облысына баратын болдық. Өзімізде қуаңшылық басқан. Малды құтқару керек. Кәмат апамыз «Кировец» мінді. Біздің: «Сіз не үшін барасыз. Елде қалыңыз», - дегенімізді тыңдамады. Тракторына отырып алып, шалғайға тартып отырды. Ресейде бір ай шөп басында жұмыс істеді. Кейін, 90-шы жылдардың соңында оған ауылдық кеңес төрағасы, инженер жұмысын ұсынды, бірақ ол бас тартты. Апамыз әруақытта қарапайымдылығын сақтады. Өз атын тарихқа алтын әріптермен жазды. Ол біздің жастарымыз үшін үлгі. Оның замандастарын таңғалдырған еңбекқорлығы бүгінгі ұрпаққа жетуі тиіс», - деді С.Бұқанов.
Ескерткішті облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин ашты.
Айта кетейік, Кәмшат Дөненбаева 1943 жылы Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Ленин совхозында туған. Еңбек жолын Ұзынкөл элеваторында бастады. 1961 жылдан Қостанай облысы Боровский ауданы «Харьковский» совхозында механизатор болып еңбек еткен. Осы облыстың Меңдіқара ауданындағы «Каменьск-Уральский» кеңшарында механизаторлар дайындайтын курсты, кейін Қостанай ауыл шаруашылық техникумын сырттай оқыды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің мүшесі, Облыстық әйелдер ісі жөніндегі және отбасы-демографиялық комиссияның құрамында бірнеше қызметтерді атқарды. 1980-1985 жылдары КСРО Жоғарығы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Екі рет Ленин орденімен, Құрмет белгісі орденімен марапатталған. 1990-1993 жылдары осы кеңшарда қауіпсіздік техникасының инженері, 1993 жылдан шаруа қожалығын басқарды. Қостанай облысының және Қостанай қаласының құрметті азаматы.