Қостанайда күннің бұзылуы салдарынан бірнеше жол апаты болды

Қостанайда жолдың көрінуі нашарлап, көктайғақтың салдарынан бірнеше жеңіл және жүк көлігі жолдан шығып кетті. Оқиғалардың салдарынан мерт болғандар да бар, деп хабарлайды Kazinform.

Жол апаты
Фото: Қостанай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Рудный-Қашар трассасында 53 жастағы жүргізуші Mercedes көлігін жүргізіп келе жатып, көлікті басқара алмай, жолдан шығып кеткен. Салдарынан екі жолаушысы қаза болып, жүргізуші мен тағы үш жолаушы ауруханаға жеткізілді.

«Аталған факті бойынша полиция ҚР ҚК «Екі және одан да көп адамның өліміне алып келген жол ережесін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады»,-делінген баспасөз қызметі.

Сонымен қатар облыстық бағыттағы жолдар бойында фура мен жеңіл көліктер апатқа ұшырады.

Ауа райының бұзылуына байланысты ведомство өкілдері жүргізушілерге жазғы дөңгелекті қысқысына ауыстырып, көлік жүргізгенде қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстану керектігін ескертті.